Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластырылған конференцияға Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қатысты.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі және Түркістан қалалық әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен жиынға өңірдегі зиялы қауым және мекеме басшылары мен жастар да атсалысты. Алғашқы сөз кезегін алған шаһар басшысы Ә.Өсербаев: «Тәуелсіздік алып, барымызды түгендеудің нәтижесінде асыл тұлғаларымыздың үлкен бір шоқ жұлдыздары қайтадан жарқырай көрініп келеді. Міне, соның дәлелі Тілеулі Аллабергенұлының есімі жаңғыртылуда. Өз дәуірінде ел арасында жомарттығы мен танылған Тілеулі Түркістан өңіріне басшылық жасағанын білеміз» - деді. Осылайша басталған жиында сөз алған ғалымдар мен игі жақсылар текті тұлға жөніндегі дәйекті деректерін баяндап, тарихтың жаңа парақтарын ақтарды. Соның ішінде Ө.Озғанбаев «Ресейдiң Мемлекеттiк Думасы, оған қазақ даласынан сайланған депутаттар» атты баяндамасында Тілеулімен қатар өзге де тұлғалардың есімдерін атап, Ұлы даланың дарабоз перзенттерінің қатары мол екендігін ұғындырды.