Айта кетейік, еліміздегі бірқатар ақпарат құралдарында Түркістан қаласынан салынатын әуежай Кентау қаласына қарасты Шаға ауылының маңынан салынады деген ақпар тараған болатын. Алайда мәліметті облыстың бас сәулетшісі растамады. Оның сөзінше, бастапқы кезде әуежайды салуға болады деген жеті орын қарастырылған.
«Арнайы комиссия құрылып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы жеті орынның ішінен Түркістан қаласынан 20 шақырымдай жерде орналасқан Шаға ауылының маңы қолайлы деп таңдалып алынды. Ол жобаны біз 16 қазанда Инвестициялар және даму министрлігіне жолдадық. Қазір сол жақта қаралып жатыр. Нақты әлі бекітілген жоқ. Бекітілген жағдайда облыс әкімінің арнайы қаулысы шығарылады», - деді Еркін Жүнісов.
Ал, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаевтың айтуынша, Инвестициялар және даму министрлігінен шығатын қортынды келер жылдың қаңтар немесе ақпан айларында шығуы мүмкін.
«Әуежайдың аумағы шашамен мың гектарға жуық жерді алады. Тиісті талаптарға сәйкес ол аумақта газ құбырлары болмауы керек, құстардың ұшуы да ескеріледі. Ұшақтардың ұшып қонуына барлық жағдай жасалуы керек. Геологиялық зерттеу институты мен аэронавигация, азаматтық авиациядан осы жағдайлардың бәріне зерделеу жұмыстарын жүргізетін болады. Ол жақтардан мамандар келіп өздері тексереді. Сондай-ақ «археологиялық қазба жұмыстары жүргізіле ме, сондай тарихи орындар бар ма» деген сауалдарды Мәдениет және спорт министрлігіне жолдадық. Ол жақтан жауаптар күтіледі», - дейді Мақсат Мырзабаев.
Түркістан қаласының бас сәулетшісі Жандос Тасов әуежайдың жартылай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатынын айтады.
«Әуежайды салуға инвесторлар тартылмақ. Әзірге түрік компаниясы 40 млрд теңге шамасында қаражат жұмсап, құрылыс жүргізуге қызығушылық танытып отыр. Қазір бұл компанияның құжаттарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде тіркеу үшін министрлікке жолданды. Ал, облыс бюджетінен 10 млдр теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл қаражат әуежай салынатын орынға инфрақұлым жүргізуге жұмсалмақ»,-деді Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жандос Тасов.