Түркістанда саяхаттауға арналған 14 электромобиль өртеніп кетті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда көрікті жерлерді аралап, саяхаттауға арналған 14 электромобиль өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеодан алынған кадр

Оқиға 15 сәуір күні сағат 4:17-де болған. «Яссы нұр» серіктестігіне тиесілі 216 шаршы метр бастырма және сол жердегі 14 электромобиль отқа оранған. Өрт сөндірушілер сағат 4:47-де өртті сөндірген.

Адамдар аман. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Айта кетсек, Төтенше жағдайлар министрілігінің есебі бойынша елде тіркелген оқиғалардың 96,5%-ы – техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар.

«Техногендік сипаттағы жағдайлардың негізгі үлесі – өндірістік және тұрмыстық өрттер. Олардың көлемі – 88,6%. 2023 жылғы үш айда 2 304 өрт болды, одан 199 адам зардап шекті, 120 адам қаза тапты. Материалдық шығын 703,59 млн теңге», - деп көрсетілген ведомство мәліметінде.