Түркістанда шекарашылар ансамблінің концерті өтті

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат- ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Әскери-патриоттық қызмет басқармасының ансамблі Түркістанға келіп, концерттік бағдарламасын ұсынды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концертте қазақтың даңқы композиторларының патриоттық әндері шырқалып, дәулескер күйшілердің күйлері күмбірледі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шарада «Тәуелсіздік толғауы» поэзиялық қойылымы көрермен назарына ұсынылса, фольклор тобы «Есіл», «Ыңғайтөк», «Ақ сауыт» күйлерін шертіп, көпшілікті серпілтті. Сонымен бірге шекарашылар ансамблінің күміс көмей әншілері «Мәңгілік ел», «Үш бақытым», «Отан», «Батырлар ұраны», «Туған жерім», «Қазақтың жігіттері», «Күзетте» және өзге де патриоттық әндерді жұртшылыққа тарту етті.

Кеш барысында шетелдің танымал әскери әндері де әуелеп, ансамблдің балет тобы концертті бимен өрнектеді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын дәріптеп, тек жанды дауыста ән шырқаған өнерпаздарға түркістандық көрермен ризашылықтарын білдірді.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев республикаға танымал әрі аса талантты өнерпаздардан жасақталған ансамбль ұжымына алғысын білдіріп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу жолында сіңірген еңбектері мол екенін жеткізді.

Шекарашылардың Тәуелсіздікті ұлықтаған өнер кеші өте жоғары деңгейде өтіп, жаңарған Түркістанның мәдени-рухани әлеміне оң серпін берді.