Түркістанда спорт саңлақтары марапатталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өңір спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген спортшылар мен бапкерлерді қабылдап, марапаттады. Қала әкімі оларға алдағы уақытта спорт аламанында қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында шаһар басшысы түрлі деңгейдегі додаларда бағын сынап, ел намысын қорғап жүрген жастарға сәттілік тіледі.

«Ертеңгі үмітіміз, болашағымыз сіздерсіздер. Байрақты бәсекелерде намысты қолдан бермей, абырой биігінде болыңыздар. Бекзат туған топырақта тағы да әлемді мойындатар чемпиондар шығарына сенімдімін. Барлығыңыз да құрметке лайықтысыздар. Әлемдік жарыстарда Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқату бақыты бұйырсын» ,- деді Рашид Абатұлы.

Сондай-ақ, дзюдошы Айдар Арапов пен самбошы Молдаш Кемелбекке, боксшы Бек Нұрмағанбетке алғыс хаттар тапсырды. Бұл спортшылар талай сайыстарда бәсі биік екендігін дәлелдеп, әлемнің түкпір-түкпірінде өткен жарыстардан жүлдесіз оралмаған кіл мықтылар.

Айта кетейік, Түркістан топырағынан шыққан Әбдісалан Нұрмаханов, Октябрь Жарылқапов, Хайс Аққалиев, Бекзат Саттархановтар спорт әлемінің аңыз адамына айналған тұлғалар. Бүгінгі күні киелі өңірдің төл перзенттерін үлгі тұтып, жетістігімен шаһар мерейін үстем етіп жүрген спортшылар жетерлік. Облыстық, республикалық тіпті халықаралық додаларда топ жарып жүрген сайыпқырандар – ел мақтаныштары.