Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Ақпараттық-үгіт насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада мен Парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы облыс активімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен оның орынбасарлары, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, облыстық әкімдіктің бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары мен аумақтық департамент басшылары, Ақпараттық-үгіт насихат штабының төрағасы мен арнайы мониторингтік топ мүшелері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері шақырылды.

Жиында Ө. Шөкеев киелі өңірге арнайы келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, рухани астана мәртебесін арқалаған Түркістанның сыбайлас жемқорлықтан ада, таза өңір ретінде танылуы тиіс екендігін жеткізді.

Алқалы жиын барысында сөз алған республикалық штаб төрайымы Ырза Тұрсынзада сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылысты қоғамда жою мәселелерін атап өтті. Өз кезегінде, Ғ.Асанұлы Агенттікпен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Қоғамдық бақылау және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасында» Түркістан облысы бойынша мекемелердің жалпы сомасы 373, 6 млрд теңге бюджеті жарияланғанын мәлім етіп, бұл мәселе бойынша ұсыныс-пікірін білдірді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде азаматтарға қолайлы, қолжетімді және жедел қызмет көрсететін «Сервистік әкімдіктердің» Түркістан облысына қарасты 8 қала/ауданда ғана ашылғанын атап өтті. Ашықтықты қамтамасыз ететін сервистік әкімдіктің өңірдегі барлық қала/аудандарда ашылуы тиіс екенін жеткізді.

Жиын соңында халықпен сындарлы сұхбат құру және парасаттылық құндылықтарына көбірек көңіл бөлу, жемқорлық көріністерін қабылдамау арқылы адал еңбек ету – әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігі айтылды.