Түркістанда тауық өсіру ісі қолға алынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда тауық өсіру ісі қолға алынды. Қалаға қарасты Оранғай ауылындағы шаруа қожалығы негізінен тауық еті мен жұмыртқа өндіреді. Өткен жылы ашылған құс шаруашылығы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Мұнда қазір 12 мың бас ет бағытындағы және 22 мың бас жұмыртқа бағытындағы тауық өсірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жалпы серіктестікте бір жыл көлемінде 4,4 млн дана жұмыртқа өндіріліп, бұл көлем қала бойынша өндірілетін жұмыртқаның 30,4 пайызын құрады. Жобаның екінші кезеңі 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Жобаның құны 312 млн теңгені құрап, қосымша 22 мың жұмыртқа бағытындағы тауық өсіріліп, жыл соңына дейін 90 тонна тауық еті және 10,8 млн. дана жұмыртқа өндірілмек. Шаруашылықтың жұмысымен жіті танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев келешекте өнім көлемін одан әрі арттырып, негізгі қуаттылыққа жетуді жүктеді.

«Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Десек те, кәсіпкерлік нысандарының қатарын арттырып, жұмыссыздықты азайту мәселелері назардан тыс қалмауы тиіс. Аудан басшыларының жұмысы сонда ғана нәтижелі болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Егер жоба толық іске асырылса, фабрика өнімдері Түркістан қаласына сырттан келетін тауық еттерінің орнын алмастырмақ.