Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталығында өткен басқосуға Түркия, Солтүстік Кипр, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдері мен Астана, Алматы қалаларының, Оңтүстік Қазақстан облысының фотосуретшілері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Кезесуге сондай-ақ ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері және кәсіби халықаралық дәрежедегі суретшілер арнайы шақырылды. Фотосуретшілер 4 шығармашылық топқа бөлініп, облыстың барлық аудан, қалаларының тарихи-мәдени ескерткіш орындарын аралап шықты. Бай мұралы табиғатқа ие өңірдің боямасыз сұлулығын тамашалап, таныса алды. Шығармашылық сәтті кадрларын даярлауға құлшынған топтың бірінші бағыты Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау қорығы аймақтарында өтсе, екінші топ Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай аудандары мен қалаларында болды. Ал, үшінші топ Созақ, Бәйдібек аудандарына сапарлады. Төртінші бағыт Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандарында жалғасты. Соңынан кәсіби мамандар түсірген туындылар арнайы көрмеге қойылды.
Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, бейнелеу өнері музейінің ұйымдастыруымен өткізілген бұл шара тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерді насихаттауға бағытталды. Қонақтарды оңтүстік өңірінің тарихи орындары мен әсем табиғатымен таныстырып қана қоймай, түркі елдерінің талантты фотосуретшілерінің өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалды.