Ұйымның мақсаты – түркі халықтарына ортақ бизнес алаң қалыптастыру, жоғары зияткерлік және инновациялық салаларды қолдау, жастар арасында шығармашылық қуатты ояту.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің брифингте түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болу, сондай-ақ тарихи құндылығын ескере отырып, қала бірегей креативті кластерді дамытуда жоғары әлеуетке ие. Бұл Түркістанды жаһандық инновациялық мәдени орталыққа айналдыруға мүмкіндік беретіндігін айтты.
«Осы мақсатта біз түркі халықтарына ортақ Креативті индустрия қауымдастығын құрып отырмыз. Аталған саланы дамыту арқылы алпауыт елдер экономикасын ілгерілетіп отыр. Біздің ойымызша, креативті экономиканы дамыту - бүкіл өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалатын маңызды қадам»,- деді Мейіржан Иябайұлы.
Сондай-ақ, брифингке онлайн форматта қатысқан «FUTURK» Түркі тілдес елдерінің креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Эльмира Сәрсеналиева Түркістан қаласындағы креативті индустрия қауымдастығының жұмысымен таныстырды.
«Мемлекет басшысы айтқанындай, Түркістан – тек мәдениеттің ғана емес, экономиканың да өзегіне айналуы тиіс. Осы мақсатта қауымдастық құрылып отыр. Аталған алаңда алдағы уақытта түркі халықтарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасады. Бұл – түркі тілдес елдердің талантты жастарына қолдау көрсететін ұйым болмақ. Қауымдастықтың миссиясы – түркі халықтарына ортақ мәдени, туристік, ақпараттық орта қалыптастыру. Бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау», - деді Эльмира Әлімжанқызы.
Брифингке қатысқан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков жастарды қолдауға арналған жобалармен таныстырды.
«Облысымызда креативті жастарды, жобаларды қолдау бойынша облыс әкімдігімен бірлесе бірнеше жобалар жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бар. Елімізде алғаш рет бастау алған жоба өңіріміздің ірі, орта кәсіпкерлерінің инвестицияларын және микробизнесті, креативті жастарымызды, стартаперлерді, «Бастау бизнес» түлектерін нақты қолдауға бағытталған. Креативті жас кәсіпкерлеріміз инвестиция және менторлар үшін күресте өздерінің бизнес-идеяларын таныстырып, нәтижесінде 8 жоба таңдалған болатын. Осылайша, кретивті жобаларды қолдап, дамыту - олардың шығармашылық қуатын оятуға мүмкіндік беретін өңіріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалған маңызды қадам деп есептеймін», - деді Тимур Арсенұлы.