Түркістанда үстел теннисінен ҚР кубогы сарапқа салынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандағы Балуан Шолақ спорт кешенінде үстел теннисінен тұңғыш рет Қазақстан Республикасының кубогы сарапқа салынды. Бүгін басталған байрақты бәсекеге еліміздің 11 өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев пен облыстық үстел теннисінің президенті Балтабай Құрбанбаев, ҚР олимпиадалық комитетінің үстел теннисінен ұлттық құраманың басшысы Дәулет Исмагулов пен бас төреші Мирякуб Мираслановтар сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бабы мен бағы қатар шапқан спортшылар екі күн бойына жекелей және командалық есеп бойынша сынға түсіп, мықтылықтарын танытатын болады. Жеңімпаздарға орындар тағайындалып, үздік деп танылғандарға ұлттық құрама сапында өнер көрсету бұйырмақ.

Жеңімпаз жандарға арнайы дайындалған кубогтар мен медальдар табысталып, дипломдар беріледі.

Айта кетейік, чемпионат 20 қазан күні қорытындыланады.