Түркістанда ветеринария саласының қызметкерлеріне 16 қызметтік көлік берілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының ветеринария саласының қызметкерлеріне ерекше қолдау көрсетілді. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев осы саланың өкілдеріне жаңа 16 арнайы жабдықталған қызметтік көліктің кілтін салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар ветеринариялық іс-шаралардың сапасын арттыру мақсатында, биыл жергілікті бюджеттен қосымша 352 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа биопрепараттарды сақтауға арналған 16 камералық тоңазытқыш, 178 бірлік витриналық тоңазытқыш, 814 бірлік термочемодан алынды. 366 бірлік ит ұстауға арналған ілмек және 390 бірлік компьютер жиынтығы жеткізілді. Ветеринария қызметінің жетістіктеріне тоқталған өңір басшысы ауыл шаруашылығы дамыған облыс үшін осы саланы дамыту маңызды екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәстүрлі Қазақстан халқына арналған Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге үлкен мән беріп, Үкіметке жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл бағытта өңірде нақты жұмыс атқарылып келеді. 2019 жылы аудан, қалалардағы ветеринариялық ұйымдар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының құзырына өтіп, жағдайды орталықтан бақылап тұрақтандыруға мүмкіндік ашылды. Ветеринар дәрігерлерін жыл бойына тұрақты жұмыспен қамтып, жалақысын 1,5 есеге ұлғайттық. Биыл ветеринариялық іс-шаралардың сапасын артыру үшін, облыстық бюджеттен 352 млн теңге қаржы бөліп, нәтижесінде өздеріңіз көріп тұрғандай, аудан, қаладағы ветеринариялық ұйымдарды арнайы жабдықталған 16 бірлік «УАЗ» фермер автокөліктерімен қамтып отырмыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Бүгінде облыс көлемінде аудан, қалалардағы 16 ветеринариялық ұйым біріктіріліп, облыстық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорынын құру жөнінде шешім қабылданған. Бұл тәжірибе елімізде алғашқы рет қолға алынып отыр. Нәтижесінде көмекші-техникалық персоналдар қысқарып, ветеринар мамандарға алмастырылып, осы бастамалар нәтижесінде қызмет сапасы жақсарған. Ағымдағы жылға ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 4,1 млрд теңге қаржы қаралып, өткен жылдан 10 пайызға өсті. Жыл басынан бері

16 аса қауіпті ауруларға қарсы 25,4 млн доза вакцина егілді. Тиісті препараттармен 2,7 бас ірі мал бүркіліп, 9,1 млн бас ұсақ мал тоғытылған. Қора жайлар мен буферлік аймақтар залалсыздандырылып, 48,4 мың бас қаңғыбас ит-мысық ауланған.

Айнұр Ақбаева

Суреті поштада

Мем тапсырыс аясында