Түркістанда жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы қаралмайды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы қаралмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласында жаңа жылдық екі шырша орнатылады. Оның бірі - жаңа қала аумағындағы алаңға, ал екіншісі «Жеңіс» саябағына қойылады. Шыршаның айналасы мен қала көшелері жаңа жылдық жарықшамдармен безендіріледі. Бір ерекшелігі, бұл іске қала бюджетінен бір тиын да бөлінбейді.

«Былтырғы шыршаларды қолданамыз. Сондай-ақ, өткен жылы қаланы безендірген мақталар мен әшекейлер, ойыншықтар, жаңа жыл кейіпкерлері орнатылады. Жаңадан кіріп келе жатқан қоян жылына орай жаңа персонаждар болады. Бірақ олар көп қаржыны талап етпейді» - дейді Түркістан қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрамбек Момбеков.

Түркістанда ертеңнен бастап қала көшелерін безендіру жұмыстары басталады. Шырша орнату ісі де 25 желтоқсанға дейін бітуі тиіс. Бұл жұмыстардың барлығын қала әкімдігіне қарасты «Жарық Тазалық» ЖШС-нің қызметкерлері атқарады.