«Жеңіс» саябағындағы концерттік бағдарламаны тамашалауға 5000-нан аса қала қонақтары мен тұрғындар жиналды. Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шараға «Қалқанқұлақ» фильмінің басты рөлін сомдаған жас актерлер Әділхан Нұриман мен Сіргебай Ерсұлтан «Қалқанқұлақ» әнін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Шара барысында сондай-ақ, жас әншілер әннен шашу шашып, саябаққа келген жұршылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олардың арасында облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жүлдегерлер де бар. Ертегі кейіпкерлері балалармен бірге ойын ойнап, қиял - ғажайыптар әлеміне енгізді. Бүлдіршіндерге арналған аттракциондар да балғын балаларды шат-шадыман күйге бөледі.
Айта кетейік, балалардың қуанышына арналған шара «Жастар жылы» аясында дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету мен оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу мен қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Облыстың әр аудан-қалаларындағы мәдениет үйлері мен клубтарда оқып жүрген жас дарындарды таныту мен үлкен сахнаға шығару көзделген.