Түркістанда Жастар жылында көп функционалды «co-working» орталығы ашылады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына орай Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебеков арнайы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатына жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы мен Ясауи атындағы ХҚТУ-ң студенті Үміт Рахымжанқызы да қатысты.

Береке Дүйсебековтің сөзінше, таяу күндері Түркістан шаһарында еліміздегі алғашқы көп функционалды үлкен жастар орталығы ашылады.

" Бұл орталық Елбасымыз айтқан тапсырмаларды, оның ішінде, жастарды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларға бағыттау, яғни оларды оқытып, үйрету сынды қызметтерді өз міндетіне алатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жиында жастардың мамандық таңдау мәселелерін де айтып өтті. Ол бойынша аталған орталықта жастардың барлығына заманауи үлгіде жабдықталған, тегін вай-фай, ғаламтор сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілген «Сo-working» орталығы, яғни арнайы жұмыс алаңы қызмет ететін болады. Кез келген жас азамат осы Түркістан қаласында өз ісін ашып, кәсіпкер болса, ол бір жерден кеңсені ашу үшін қаншама ақшаға кеңсе жалдап, шығындалады. Ал біздің оған мемлекет тарапынан көмегіміз - тегін жұмыс орнын береміз. Яғни, кәсібінің аяққа тұрып, дамып кетуіне атсалысатын боламыз»,- деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы.

Айта кету керек, биыл облыстық «Жастар ресурстық орталығына» үш қабатты 1500 шаршы метрлік ғимарат беріліп, жастар үшін барлық жағдай жасалмақ. Орталық жанында IT park, «Сo-working» орталығы, «Жастарды кәсіпкерлікке бейімдеу» бөлімі және «Саяхатшылар қауымдастығы» және еріктілер тобының бөлімі жұмыс жасайды деп күтілуде.

БАҚ өкілдерімен кездесуде орталық жетекшісі сондай-ақ Түркістан қаласындағы жастардың шет тілін жетік меңгеруі үшін аталған көп функционалды орталықта шет тілдер мектебі тегін жұмыс істей бастайтынын хабарлады. Онда бірінші кезекте, ағылшын, орыс, түрік, қытай тілдері үйретілмек. Бұл өз кезегінде шаһардың туристік әлеуетін одан әрі арттыруға септігін тигізетін болады.

Ел Президентінің і жастармен басқосуында оларды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларды ойлап табуға бағыттау арқылы коммерцияландыруға бейімдеу қажеттігі айтылғанын баяндаған Береке Дүйсебеков бұл ретте де түркістандық әкімдік мамандарының тиісті жұмыстарды атқарып, ауылды жерлерден дарынды жастарды іздестіріп, оларға жағдай жасау мәселесі ойластырылып жатқанын жеткізді.

Мұнан бөлек, баспасөз отырысында жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы мен Ясауи атындағы ХҚТУ студенті Үміт Рахымжанқызы да өз пікірлерін ортаға салды. Олар Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының жастармен басқосуы еліміздің келешегі - жастарымызға рух беріп, олардың Отанымызды көркейтіп, дамытуына одан әрі күш беретініне сенімі мол екендерін айтып өтті.