Түркістанда жолақы қымбаттауы мүмкін

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат –Түркістанда қоғамдық көлікпен жүру ақысы жаңа жылдан бастап 50 теңгеден 70 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Жандос Баирхановтың айтуынша, өңірдегі бірден-бір жолаушы тасмалдаушы «Жолаушы» ЖШС бұған дейін де екі рет бағаны көтеру жайында ұсыныс жасаған.

Жандос Бақытбекұлы брифинг барысында баға қымбаттаған жағдайда қойылатын талаптарға тоқталды. Мәселен, автобустарды жаңарту, жеңілдіктер жасау, барлық қоғамдық көліктерде кондукторлардың болуы және жүргізушілердің еңбекақысын көтеру, сондай-ақ, белгіленген межеге жетпей қайтып кететін жүргізушілерді де назарға алуды жеткізді. Егер де аталған талаптар баға көтерілгенімен орындалмайтын болса, бекітілген арадағы шарт күшін жоятындығын баса айтты. Ал, «Жолаушы» ЖШС-нің атқарушы директоры Медетбек Жұмагелдіұлы соңғы екі жылда қоғамдық көліктер тұрақты, яғни 50 теңгемен қызмет көрсетіп, тасымалдап келгендігін алға тартады. Сол екі жыл ішінде жанар-жағармай (дизель) бағасы 94 пайызға өскендігін және көліктің қосалқы бөлшектері де біршама қымбаттағандығын айтып өтті.

«Қазіргі таңда қалаішілік бағыттар бойынша бізге тиесілі қоғамдық көліктер саны 270-ті құрайды. Оның 150-і автобустар болса, қалғаны шағын автобустар. Олардың басым бөлігінің шығарылғанына 15 жылдан асқан. Жолақы бағасы көтерілсе қоғамдық көліктің сапасының жақсаруы мен жаңаруына сеп болады», — деді Медетбек Жұмагелдіұлы.

Айта кетейік, жолақыны 20 теңгеге көтеру және бұл тарифті есептеу мәселесі бойынша комиссия отырысы аяқталып, тұжырымдамасы берілген. Енді қалалық мәслихат мақұлдаса, шаһар басшысының қаулысымен бекітілетін болады.