Түркістанда жыл соңына дейін 610 тұрғын жаңа пәтерге ие болады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін баспана кезегінде тұрған жалпы 610 түркістандыққа пәтер кілттері беріледі - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың барлығы – көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар. Оның ішінде 470 көпбалалы отбасы мен 140 әлсіз топтағы азаматтар қоныс тойын тойлайды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 800-ге жуық пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 200-ге жуық пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие жүйесімен сатылымға қойылды.

Бүгінде мұнда бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Талапқа сай жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары салынған.

Түркістан қаласында қолданысқа берілетін көпқабатты тұрғын үйлердің инфрақұрылымы толықтай іске қосылған. Пәтерлер де талапқа сай әрленген.