Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері қала аумағы кеңейіп, даму үстінде. Қазіргі таңда құрылыс қарқын алып, сәулетті ғимараттар салынып жатыр. Ал, қала ішінде қалып қойған Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізі Түркістан қаласының сыртына көшіріледі.
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында халықаралық автодәліз қала сыртына көшіріледі. Жаңа жол Шымкент бағытындағы Ескі Иқан ауылының тұсынан басталып, Қызылордаға шыға берістен қайта жалғанады. Қаланың маңындағы Оранғай ауылының жанынан өтеді. Жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды» - деді Арман Жетпісбай.
Жалпы, кешенді жоспарда Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы жобалары да қаралған. Мұнда да қала ішін қиып өтетін үлкен жолдар қала сыртына шығарылады.