Түркістандағы халықаралық әуежайды түркиялық компания салады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -  Түркістандағы халықаралық әуежайды түркиялық компания салады. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Түркістанда өтіп жатқан халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы сондай-ақ, жаңа облыс орталығында екі бірдей бес жұлдызды қонақүй тұрғызылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Түркістанда елімізде теңдесі жоқ 200 гектарлық жылыжай салынатынын жеткізді. Ал, ертең түйе сүтін өңдейтін алып зауыт ашылады деп күтілуде. Жансейіт Түймебаев форумда, сонымен қатар, Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келетінін айтты. Мәселен, өткен жылы бұл мақсатта 482 млрд теңге қаржы құйылған. Енді тағы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде оның 12-сі іске асырылып жатыр.  

«Түркістан - талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шаһар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік-іскерлік орталық және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық, сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр. Бүгінгі жиын өздеріңізбен осындай іскерлік қарым-қатынас орнатып, нығайтуға сеп болады деген сенімдемін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.  

Сонымен қатар, өңірді дамытуға бағытталған кез келген жобаны барлық тараптан қолдауға дайын екенін айтқан облыс әкімі, аймақты үш бағытта дамытуға басымдық берілгенін жеткізді. Ерекше тарихи-архитектуралық және археологиялық ескерткіштері, айрықша табиғаты бар өңірдің бірінші даму бағыты - туризм. Қазірдің өзінде мұнда келетін туритер саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы облысқа 270 мыңнан астам шетелдік келген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Инвестиция тартуға қолайлы екінші бағыт - ауыл шаруашылығын. Ауа райы жайлы облыстың ауыл шаруашылық саласы дамуы жағынан республикада бірінші орынға шыққан. Сондай-ақ, логистикалық және транзиттік әлеуетті көтеру - кестеде тұрған үшінші мәселе. 

Облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуетіне қаныққан шетелдік қонақтар Түркістан өңірінде туризм, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын дамытуға атсалысуға ниетті екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, Иран, Малайзия, Қытай елдерінен келген инвесторлар аймақта заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салып, инрақұрылым мен цифрлық технологияны дамытуға күш салатынын да атап өтті.