Ашық әңгіме барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, облыс әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді. Халықтың уәжін жеткізген Түркістан облысының әкімі зауыт басшыларына бірқатар талап қойды.
«Сіздермен бірге маңызды мәселені талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Шаруалармен кездесуімде олар мақта шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бірден айтайын, біз – халықтың жағындамыз. Мен халықтың уәжімен келісемін. Сіздерді түсінеміз. Дегенмен, халықтың жағдайын ойласаңыздар. Шаруалар бейнетпен өсірілген ақ алтынның биылғы бағасының төмендігімен келіспей отыр. Кездесуде мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау секілді жайттарды айтты. Зертханалар мақта сапасын қасақана түсіреді деді. Мұндай жағдайларға жол берілмеуі керек. Жалпы, келешекке сіздерді тек мақтаны тазалап, сатпай, қайта өңдеумен айналысуды қолға алуға шақырар едім. Тігін фабрикалары ашылса, көп мәселе шешіледі. Шаруаларға да тиімді, ішкі нарық артады. Жұмыс орындары да ашылады. Осы істі қолға алсаңыздар, біз қолдауға дайынбыз», - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тараптар ортақ мәселелерді талқылап, нәтижесінде шитті мақтаның бір тоннасына бүгіннен бастап шаруаларға 250 мың теңгеден алдын ала төлем (аванс) жасалатыны айтылды. Ал, соңғы баға биржаға байланысты болмақ.
Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді, Ливерпуль биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Өңірде 21 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеті бар.
Бүгінде мақта өндіруші компаниялар тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (мақта сатып алатын трейдерлер) жұмыс істейді. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісім шарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. Жиынға келген мақта зауыттарының басшылары дәл қазіргі кезде сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға – мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.
Жалпы, биыл облыста 125 мың га астам алқапқа мақта егілген. Бұл жалпы егістіктің – 15%-ы. Шитті мақтаның гектарынан 26,2 центнерден 330 мың тоннадан астам жиналады деп болжанып отыр. Бүгінгі күнде облыста 16 мың тонна мақта жиналды. Жиын-терім жұмыстары жүріп жатыр. Бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылымдар еңбек етеді.
Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы орташа 320-380 мың теңгеден қабылданып, Ресей, Қытай, Түркия, Латвия, Молдова, Беларусь, Германия, Бельгия елдеріне 68 мың тонна мақта талшығы экспортталды. Ал, қалған 19 мың тонна мақта талшығы ішкі нарықта сатылды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізді.
Мемлекет тарапынан күзгі жиын-терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май (бағасы нарықтан 15-20% төмен) және 522 түрлі минералды тыңайтқыштар құнының 50%-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге субсидия бөлінді. Сонымен қатар, 653 түрлі өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн теңге бөлінді.