Ақшаңқар киіз үйлерде дастарханға ұлттық тағамдарымыз қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, наурыз көже, құрт, ірімшік, сірне, қаймақ, бауырсақ, ши бауырсақ, жент секілді жеңсік астар қойылды. Мұнан бөлек, келушілер ежелгі қазақ ауылында халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашаласа, жастар жағы алтыбақан теуіп, сайран салды. Сонымен қоса, мәртебелі меймандар әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ұйымдастырған тұсаукесер рәсіміне қатысса, өңір басшысы Жансейіт Түймебаев түркістандық балдырғанның тұсауын кесті. Түркітілдес елдерден келген меймандар Түркістанда өткен осынау «жаңару» күніндегі торқалы тойдан ерекше әсер алып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мағынасы тереңде жатқанын жеткізді.
«Ұлыстың ұлы күнінде халық бір-біріне бақыт, молшылық, ынтымақ, бірлік тілейді. Жылдан жылға елімізде наурыз түрленіп, ажарланып, тереңдеп, халықтың сүйегіне, қанына сіңіп жатыр. Бұл үлкен қуанышымыз. Биыл оның үстіне қасиетті Түркістан түркі халықтарының рухани астанасы болып жарияланды. Астанада жүрміз біз бүгін. Бұл біздің кешегі Мұстафа Шоқай бастаған ағаларымыздың арманы еді. Олар Түркістан мемлекетін құрды, бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Енді сол бақыт қайта келе жатыр. Мына Наурыз тәуелсіздік екеуі қосылып, түрік кіндігінен жаралған ұрпақтың басын қосып жатыр. Көк түріктің балалары ажырамасын. Елімізде тыныштық болсын, наурыздан наурызға аман есен жетейік», - дейді белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Айта кетейік, «Түркістан Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында осы күні Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, шараға келген қонақтармен облыс әкімінің кездесуі жоспарланған. Сонымен қатар, іс-шара соңы түркі тілдес мемлекеттерден келген өнер ұжымдарының гала-концертімен жалғасады деп күтілуде.