Өмірзақ Шөкеев құрылыс барысында сақтық шараларын сақтай отырып, кей нысандардағы жұмыстарды тәулік бойы жүргізуге болатыны атап өтті. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан ғимараттардың сапасына баса назар аударуды ескертті.
«Жұмыс ауқымы өте үлкен, оны жақсы түсінеміз. Алайда қаржы дер кезінде бөлінген соң, жұмыс тоқтамау керек. Жұмыс кестесінен қалыс қалуға болмайды. Қажет болған құрылыс нысандарына қосымша күш тартылып отыр. Күн сайынғы тексеруімізден кейін жұмыс алға жылжып жатыр. Оның үстіне кейбір құрылыс нысандары тәулік бойы жұмыс істеуге көшуге әбден болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Айта кетейік, Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұндағы салынып жатқан арендалық және несиелік тұрғын үйлер тамыз айында тапсырылады деп жоспарланған. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 62 тұрғын үйді биыл тапсыру көзделіп отыр. Өз кезегінде өңір басшысы барлық тұрғын үйлердің сыртқы көрінісі бірыңғай болуына баса назар аударуды міндеттеді. Басым бөлігі ашық түсті травертин мен ақ мәрмәр таспен қапталатын болды. Ал, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары, Конгресс орталығында құрылыс аяқталып келеді. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс екі ауысымда жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан алаңында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абаттандырылуда. Оқушылар сарайы мен стадионның, бассейні бар спорт кешені де бітуге таяу. Қалалық саябақта абаттандыру, дренаждық жүйе, су бұрқақтар, амфитеатр, аттракциондар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, шаһарда әлемдік талапқа сай бірнеше бес жұлдызды қонақ үй кешендері бой көтерген. Барлық нысандардың құрылыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Тұңғыш Президент саябағы жасыл желекке оранып, Ясауи мұражайының ішкі жұмыстары жүріп жатыр.
Өмірзақ Естайұлы өз кезегінде құрылысқа атсалысып жатқан шетелдік компания жетекшілерімен кездесіп, жұмыс барысындағы бірқатар өзгерістерді талқылады.