Түркістандағы Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұр - У. Бишімбаев

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Түркістандағы Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұр. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Уәлихан Бишімбаев осы мәселені көтерді.

«Ясауи ескерткішінің бүкіл тарихында болмаған сары дақтар қазір Қожа Ахмет Ясауи қабірінің тассүңгісінде және Қазандығында байқалып отыр, мұны сарапшылар айғақтап берді. Бұл тассүңгінің қирауына алып келуі мүмкін және кесененің өзіне үлкен қауіп төндіріп тұр. Түркістан тәуелсіз Қазақстанның рухани астанасы болып табылады, сондықтан да кесенені сақтау тек ескерткішті ғана емес, біздің рухани мұрамызды сақтау мәселесі болып отыр», - дейді депутат. Оның сөзіне қарағанда, 1952 жылдан бастап кесенені сақтау бойынша объективті техногендік және табиғи себептерден туындаған әр түрлі проблемалар бірнеше мәрте орын алған. Алайда, нысанды жаңғырту кезінде құрылыс материалдарының дұрыс таңдалмағандығынан бірқатар проблемалар туындағанын сарапшылар анықтапты. Мәселен, Қазандық күмбезінің қаланған тастарында, күмбездің аралығында тұзды сылақ байқалса, ал 1993-2000 жылдарға дейін жүргізілген жаңғырту жұмыстарында ондай тұз болмаған. Қаланған тастардағы тұз күмбезді ангидридпен қаптау кезінде пайда болғанын сараптама көрсеткен тәрізді.

«Сондай-ақ кесененің температуралық-ылғалды режимін тұрақты ұстап тұру да ескерткішті сақтау үшін маңызды мәселе болып табылады. Жылытылмайтын нысанның ішінде температуралық-ылғалды режимді тұрақты ұстап тұру үшін және мүмкіндігінше ылғалды болдырмау мақсатында желдетудің дұрыс режимін қолдану қажет. Ол үшін тек қана мұражайды желдету әдістемесін әзірлеумен шектелмей, кесенені материалдық және кадрлар ресурстарымен, барлық бөлмелердің қабырғаларының периметрі бойынша және төменінен жоғарыға дейін температуралық-ылғалды режимнің үнемі мониторингін жүргізіп тұру үшін арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету қажет», - дейді ол. Бұл ретте депутат мәселенің мемлекеттік маңызы зор екенін, Ясауи кесенесінің арқасында Түркістан қаласы әр елдерден зиярат етуге келетіндердің орталығы болып табылатынын еске салады. «Сондықтан ескерткішті сақтап қалу мемлекетіміздің халықаралық беделіне де әсер ететіні анық», - деген сауал соңына бір топ депутат қол қойған.