Түркістанды көріктендіруге Шардара ауданы да ерекше үлес қосуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласы облыс орталығы болған күннен бастап, шаһарды дамыту және абаттандыру, көгалдандыру бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл тұрғыда Шардара ауданы да ерекше үлесін қосып, өздерне бөлінген №10 секторда ауқымды жұмыстар атқарып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шардара аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Шардара сервис» МКК және «Шардара жасыл аймақ» МКК №10 сектор аумағында абаттандыру, көгалдандыру бойынша инвентаризациялау шараларын жүргізілді. Бекітілген жоспарға сәйкес Қорқыт ата мен Арыстан баб көшелерінің аралығында сквер құрылысы басталып, 0,6 га жер толықтай тегістеліп шыққан. Аяқ жол плиталары орнатылып, футбол алаңшасының бетон қабаты мен жасанды газон төселген. Алаңшаларға сыртқы қоршаулар орнатылған. Спорт және балалар алаңшасының негізгі бетон қабаты жасалып, тұрғындар демалатын орындықтар қойылған. Сонымен қатар спорт және балалар алаңшасына ойын жабдықтары орналастырылған.

Бүгінгі күні сквер аумағына егілетін жасыл екпелерді суару мақсатында ұңғыма қазылып, автотұрақ орнына асфальт төселді. Сквер аумағында құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Аудан тарапынан ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын көше бойына 2 аялдама мен 2 қоқыс жәшігі орнатылды. Ал, сектор аумағына 5058 түп ағаш көшеттері отырғызылып, жаңадан егілген 300 түп тұя мен жай жапырақты ағаштар суарылуда.

Қазіргі кезде жұмысшылар, егілген ағаш көшеттерін күтіп баптау, көше бойындағы қоқыстарды тазалау жұмыстарын атқаруда. Бұл мақсатта Шардара ауданынан 2 автоцестерна көлігі бөлініп, тасымалдап суғару жұмыстары күнделікті жүргізілуде.