Түркістан қаласының өзінде жасы 100-ді еңсерген 6 ана тұрады.
Соның бірі 102 жасқа толған Қызсұлу Нұрханова өмірге 13 перзент алып келген.
Қазір үлкен ұлы 75-ке толыпты. Ал, 40 жуық немеренің тұңғышы 50 жасты еңсеріп отыр. Шөбересінің алды болса орда бұзар 30 жаста.
«Елдің амандығын тілеймін. Өмірде тек бейбітшілік болсын! Еліміз өркендеп, дами берсін», - дейді ғасыр куәгері.
Келес ауданының тұрғыны Қатира Нанабекова 8 наурыз күні 100 жасқа толады.
Б үгінде өнегелі әулеттің шамшырағы болған ақ жаулықты ана бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді.
Тылда тер төгіп, еңбек еткен ол өмірге әкелген 4 перзентінен 15 немере 52 шөбере сүйіп отыр.
Сарыағаштық Жадыра Кескенбаева 10 наурызда 102 жасқа толған туған күнін тойлайды. Қарт ана 7 ұл-қызды дүниеге әкелген. Қазіргі таңда 35 немере мен 82 шөбересі, 4 шөпшегі бар.
Ордабасы ауданында 100 жастан асқан тыл ардагерлері Шамбек Рахманова мен Хлауда Кенелдіқызы және Кенже Өткелбаева бар.
1916 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген Шамбек әже бүгінде Темірлан ауылындағы кенже қызы Алтынның қолында тұрады.
15 шақты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана немере, шөбере, шөпшек, неменесін қосқанда 150-ден астам ұрпақтың қазыналы ақылшысына айналған.
Шөберенің қолынан май жалап, шөпшегін алдына алып еркелетіп отыр
Ал, Ұялжар ауылында тұратын Хлауда әже нағыз еңбектің адамы болған.
Ел басына күн туған қиын кезеңде ер азаматтармен қатар кетпен шауып, шиеттей бала-шағасын асырапты.
«Хлауда анамыз жас кезінде өте еңбекқор болып, айналасына, әсіресе үлкендерге көмектесуді әдетке айналдырыпты. Міне сол ауылдың аузы дуалы қарттарының «Жүз жаса, бақытты бол!» деген ақ батасының арқасында бүгінде жүзден асып, өсіп-өнген әулетке айналды», - дейді Хлауда әженің ұлы, Бөржар ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Данай Ережеп.
Мереке қарсаңында Түркістан облысындағы жасы жүзден асқан аналар арнайы сый құрметке ие болды.
Аудан, қала әкімдері арнайы құттықтап, иықтарына орамал жауып, көктем мерекесімен құттықтады.