Түркістандық дәрігерлер асқазан көлемін кішірейту бойынша 48 ота жасаған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында дәрігерлер семіздікке шалдыққан 48 адамға ота жасап, асқазанын кішірейткен. Өңірдің хирург дәрігерлер бұл оталарды соңғы алты жыл көлемінде жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері жуырда ғана салмағы 135 кг келетін науқасқа осындай ота жасаған. 47 жастағы азамат семіздіктен басқа, артериялық гипертензияға шалдыққан. Қосымша шағымдары да көп болған. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі он күн ішінде науқас 10 келі салтақ жоғалтып, өзін әлдеқайда жақсы сезінген.

«Семіздікке шалдыққан науқас бірден операцияға жіберілмейді. Бұл емдеудің қатаң көрсеткіштері болуы тиіс. Әдетте, алдымен диета және дене шынықтырумен айналысуы керек. Кейде психокоррекция қолданылады. Егер мұның бәрі көмектеспесе, онда хирургияға жүгінуге болады. Әдетте ота дене салмағының индексі 35-тен асатын науқастарға жасалады. Бұл көрсеткішті формула бойынша есептеуге болады», - дейді жоғары санатты хирург- дәрігер Жеңіс Серғазин.

Мамандардың айтуынша, отадан кейін адам 15-80 келіге дейін салмақ жоғалтады. Алайда дәрігерлер бұл ота соңғы шара деп түсіндіреді. Басқа амалдар таусылған кезде ғана операцияның көмегіне жүгінуі керек. Бүгінде Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында салмақ жоғалту операцияларының бірнеше түрі жасалуда.