Түркістандық диқандардың өнімі өзге облыстарға да шығарылады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Келес ауданында өсірілген қырыққабаттарды Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары да тұтынатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос облыстың арнайы өкілдері диқандармен кездесіп, ерте пісетін және ашық алқапта егілген қырыққабатты тиімді бағада сату-сатып алу бойынша ортақ келісімге келді.

Атап айтқанда, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» бас менеджері Асқар Сыздықов пен жеке кәсіпкер Нұрлан Сақпанов 200 тонна өнімге келісімшарт жасады. Ал, Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері Алпамыс батыр ауылдық округіндегі серіктестіктен қырыққабаттың 150 тоннасын сатып алатын болды.

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 906,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. 845500 гектар жерге тұқым егіліп, жоспар 2100 гектарға артығымен орындалды. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс пен бақша өнімдерінің түсімділігі орта есеппен 50 центнерге көбейді. Осылайша, 3,3 млн. тонна көлеміндегі рекордтық көрсеткішке қол жеткізілген болатын.