«Шет елдердегі тәжірибе бойынша сауда үйлері мен мектептерде алғашқы көмек көрсету үшін дефибриллятор тұрады. Оны қолдануды бізде тек медицина мамандары ғана біледі. Ал өзге елдерде полиция мен мұғалімдер, өрт сөндірушілер де қолдана алады. Біз бірінші кезекте өзіміздің қызметкерлерді, кейінен полиция қызметкерлері мен мұғалімдерді үйретуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Түркістан облысының медицина мамандары облыс әкімінің қолдауымен АҚШ мемлекетінің Харвест қаласында біліктіліктерін арттырып келген болатын. Дәрігерлер BLS, ACLS, PALS бағдарламалары бойынша жедел медицина нұсқаушыларын даярлау тақырыбында білім алып, жүрек-өкпе реанимациясына және жүрек-қан тамыр ауруларын жедел емдеуді, неонаталды кезеңде адам өмірін сақтап қалу бойынша білімдерін шыңдады.
Америка Құрама Штаттарына Түркістан, Кентау қалаларынан және Ордабасы, Жетісай аудандарынан 11 медицина қызметкері барып келген. Енді бұл мамандар алған білімдері мен тәжірибелерін әріптестеріне үйретуде.
«Қазіргі таңда жедел-жәрдем барғанға дейін жүрегі тоқтап қалғандар көптеп кездеседі. Сондықтан кез келген адамда «жүрек-өкпе реанимациясы» бойынша білімі болса біршама адам аман қалар еді. Сол бойынша барлық медицина қызметкері мен басқа да сала қызметкерлерін арнайы алынған «Prestan» манекендері арқылы оқыту жоспарда бар», – дейді Кентау қалалық орталық ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Ержан Жұмашев.