Полиция капитаны Олжас Ерсұлтанов өрт болған пәтерге кіріп, төсек тартып жатқан мүгедек ер адам мен 5 жас шамасындағы қыз баланы алып шыққан. Кейін өрт сөндірушілер келгенше отты өз бетімен сөндірген.
«Біз, осы аумақтың тұрғындары полицейдің ерлігіне куә болдық. Осыған байланысты бұл батыр полицейге алғыс білдіреміз. Ол осы қызметке тағайындалғалы бері ауламыз тыныш, құқық бұзушылық көп болмайды, жалпы еңбегі адал. О.Ерсұлтановтың ерен еңбегін бағалап, оны марапаттауыңызды сұраймыз», – деп жазылған полиция қызметіне тұрғындардан келіп түскен хатта.
Олжас Ерсұлтановтың айтуынша, басты мақсат адам өмірін арашалап қалу болған.
«Күнделікті аулаларды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген болатынмын. Кенет көпқабатты үйдің 2-қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқанын байқадым. Дереу оқиға орнына жетіп, үйге кіріп кеттім. Кірсем, пәтердің жатын бөлмесі өртеніп, іші көк түтін болып жатыр екен. Соған қарамастан, пәтерде адам болуы мүмкін, көмек керек шығар деп ойладым. Үйден өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жас шамасындағы кішкентай қызды тауып, екеуін де қауіпсіз жерге шығардым. Алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Ең бірінші мақсат – жедел әрекет ету, адам өмірін арашалап қалу болды», - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасы №4 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Олжас Ерсұлтанов.
Фото: polisia.kz