Түркістандық жастар Елбасы қойған міндеттерді орындауға әзір - Балмаржан Нарбекова

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының кезекті Жолдауына байланысты Түркістан облысы әкімдігінде Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың қатысуымен брифинг өтті. Онда басқарма басшысы Түркістан өңірінің жастары Жолдауды қолдауға дайын екендігін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балмаржан Нарбекованың сөзінше, Президент өз Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін нықтады.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2019 жыл - жастар жылы деп атауды ұсынамын деді. Мұның өзі жастарға арналған үлкен қолдау. Жолдауда айтылғандай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсірудің өзі жастарға едәуір көмек болмақ. Бұл тұрғыда Түркістан өңірінің жастары Жолдауда айтылған барлық межелерді орындауға дайын», - деді Балмаржан Полатқызы.

Айта кетейік, Президент Жолдауында сонымен қатар  ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға бағытталған «Ауыл - Ел бесігі» жобасының іске қосылуын тапсырған болатын. «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін айтты. Басқарма басшысы бұл бағытта да нақты шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатынын  айтып өтті.