Түркістандықтар тағы бір мұқтаж отбасыға баспана сыйлап, қасиетті Рамазан айында сауапқа кенелді. Атап айтқанда, «Бекзат» тұрғын алабында 1991 жылы туған жастар жұдырықтай жұмылып, бір отбасының қуанышына себепші болды. Бұл - өңір тұрғындарының бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жолға қойған үрдісімен сыйға берілген 6-баспана.
«Өмірзақовтар жанұясында үлкен қуаныш. Құрдастарымызбен игілікті іс атқарып, бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген жандарға қолдау көрсеттік. 4 бөлмелі үйді өз күшімізбен салып, барлық қажетті тұрмыстық техникамен қамтыдық. Отағасы Нұрғали жары Жансаямен бірге 4 перзентті тәрбиелеп отыр. Әрине, көпшілікпен бітер шаруаға ұйымшылдықпен үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіреміз», - деді ұйымдастырушылардың бірі Ақболат Анашбеков.
Бұған дейін Бекзат Саттарханов атындағы мөлтек ауданның 1982 және 1983 жылдары туған азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай 2 мұқтаж шаңыраққа баспана сыйлаған болатын. Сонымен қатар, 1988, 1989 және 1990 жылы туған жастар да әз-Наурыз мерекесі қарсаңында 3 отбасының өз шаңырағы болуына мұрындық болған. 1992 жылы туған жігіттер де қайырымдылық эстафетасын келесі жылы жалғастыруға ниетті.