Түркістандық журналистер Елбасына саулық тілейді – Абай Балажан

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандық журналистер Елбасына саулық тілейді. «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан бүгін бір топ қалам ұстаған қауымның атынан алаңдаушылық білдіріп, Тұңғыш Президентке хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл әлемді әлекке салған коронавирус дертінің біздің елімізді де, оның ішінде жаңа, жасампаз Қазақстанның негізін қалаған Сізді де айналып өтпегені көңілімізге алаң салып қойған жайы бар. Әйтсе де, әлем бойынша да, өзіміздің Қазақстан бойынша да бұл дерттен күніне мыңдаған адамның сауығып шығып жатқаны көңілге үміт ұялатады. Бізге дәрігерлер кез келген ауруға ең бірінші кезекте дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер емес, науқас адамның өз бойындағы иммунитеті қарсы тұрады деп түсіндіреді. Ал иммунитет, біздіңше, ең бірінші рухы мықты адамдарда қуатты болады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Сіздің рухыңыздың мықтылығын бүгінде бүкіл әлем мойындайды»,- деді Абай Балажан.

Басылымның бас редакторы, сондай-ақ, еліміз егемендік алған тұста Елбасының Қазақстанды әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет қатарына қосқан еңбегін ерекше атап өтеді.

«Сіз соншалықты қажырлылықпен Қазақстанды жылдар бойы тек өрге сүйреумен келесіз. Нәтижесінде Қазақстан әлем мойындаған елге айналды! Әлемде билік құрған адамдар көп. Олардың нақ санын бірде-бір тарихшы айтып бере алмайды. Ал, сол ел билегендердің арасында астана салғандары некен-саяқ. Ал, Сіз бір емес, екі астана салған адамсыз! Себебі Ясауи ілімімен сусындап өскен бүкіл қазақ жұрты Түркістан қаласын атамзаманнан руханият ордасы санаған. Сіз сол руханият ордасын бүтін бір мемлекеттің рухани астанасына айналдырып жібердіңіз! Екінші тынысын өзіңіз ашқан қазіргі Түркістан таяу күндері-ақ әлемдегі әсем қалалардың ортасынан ойып тұрып орын алады деп сенеміз! Сауығып кетуіңізге тілеулеспіз, Ұлт Көшбасшысы!» - дейді Абай Балажан.