Түркістандықтар Абылайды хан көтерді
«Тарихымыздың беттерін ақтарсақ, қазақ халқы ел билеген хандардан, ұлт болашағы үшін қолына найза алған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған. Солардың қатарындағы шоқтығы биік ұлы тұлғаның бірі - Абылай ханның биыл 300 жылдығы. Осы тарихи оқиғаның кең көлемде аталып өтуі, соның ішінде тарихи сәттерді өнер майталмандарының көрініс етіп жеткізуі Түркістан төрінде жиналған көпшілік үшін баға жетпес рухани байлыққа баланды», - делінген баспасөз баянында.
Тоқтала кететін жайт, көпшіліктің көңілінен орын алған арнайы қойылымға 200-ге тарта адам қатысқан. Бас-аяғы 3 сағатқа жуықтайтын тарихи сәтті мұражай басшысы Мәулен Садықбеков былайша түсіндіреді: «Хан көтеру рәсімінде ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамындағы айтулы оқиға - Абылай ханды үш жүздің ханы етіп көтеру бейнеленеді. Бұл шараның тұжырымдамасы мен сценарийі XVIII ғасырдағы орыс саяхатшылары мен орыс-қазақ елшілігі арасындағы құжаттар мен ғылыми зерттеулер және Абылай хан туралы халық ауыз әдебиеті негізінде әзірленген».