172 мыңға тарта халық тұратын Түркістан қаласында орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жұмысы 98,9%-ға орындалған. Тіршілік нәрі Біресек-Хантағы және Мырғалымсай су көздерінен магистралды су құбыры арқылы тасымалданады. Қалада құрылысы жаңадан салынып жатқан әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталығындағы нысандарды үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, Түркістан облысы әкімдігі мен тиісті министрліктермен бірлесе жол картасы әзірленді.
Жоба бойынша қашықтығы 45,9 шақырым магистралды суаққының құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда, мердігер мекеме тарапынан 15,1 шақырым суаққының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Кентау қаласынан Түркістан қаласының резервуарына дейін магистралдық сутартқыш салу жобасы іске асырылып жатыр.
Облыс бюджетінен жүзеге асқан жоба бойынша сыйымдылығы 2х10 000 текше метр топтамасы мен Оранғай, Біресек, Мырғалымсай сыртқы су жүйелерінің құрылысы, 5 су ұңғымасын қазу жоспарланған. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.