Түркістандықтар еліміздің үздік кардиологтарына қаралуда

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы орталық емханада ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының көшпелі тобы өз жұмысын бастады. Өңір тұрғындарын еліміздің үздік кардиологтары Рауза Сұлтанова мен Жеңіс Қозыбаев, дәрігер аритмиолог Шалқар Смағұлов пен травматолог Жетпіс Сүлейменовтер қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бастамасымен келген білікті мамандарға аз ғана уақыттың ішінде жүзге жуық түркістандық қаралып, кеңес алды. Олардың арасында ем - домын ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасында жалғастырып не осы ауруханада ота жасатуға мүмкіндік алғандары да бар.

Айта кетейік, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының жоғары санаттағы дәрігерлері облыс тұрғындарын екі күн бойы қабылдауды жоспарлап отыр.