ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат-Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға түркістандықтар да көмектеспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 1 күндік жалақыларын аударып, кәсіпкерлер де қаржылай көмек көрсетуде. Қазіргі таңда жалпы 70 млн. теңге қаржы Қостанай облысына көмек ретінде жиналды.
Түркістан облысында бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін жұмыс істеп жатыр. Атап айтар болсақ, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты мен Түркістан қалалық «Amanat» партиясының жанындағы «Jastar ruhy» жастар қанатының коворкинг орталығы, «Қызыл жарты ай» қоғамдық қоры штабы, Шымкент қаласындағы облыстық әкімдіктің бұрынғы ғимаратында қостанайлықтарға берілетін көмек заттары жиналуда.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының аудан-қаладағы филиалдары да көмек көрсетуде белсенділік танытуда.
Сондай-ақ 17 аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» ғимараттарында гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Олардың ішінде халыққа аса қажетті төсек жабдықтары, санитарлық заттар, ұзақ уақытқа жарамды консервіленген және жартылай фабрикатталған азық-түлік бар.
4 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша 1 Камаз гуманитарлық көмек Қостанайға жөнелтілген.
Ал ертең, тағы да гуманитарлық көмек тиеген 20 тонналық 2-3 жүк көлігі жолға шығады.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.