Түркістаннан 25 мың долларды Өзбекстанға заңсыз алып өтпек болған жолаушы тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы «Қапланбек» кеден бекетінің қызметкерлері 25 мың долларды шекарадан заңсыз алып өтпек болған Өзбекстан азаматын тоқтатты. Бұл туралы ҚазАқпарат Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Кедендік тексеру барысында Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өту бағытындағы жолаушылар терминалында «Rapiscan» рентгентелевизиондық құрылғы арқылы қол жүгін тексеру кезінде «А» есімді 2003 жылы туған өзбекстандық азаматтан 25 000 АҚШ долларына тең қолма-қол ақша анықталды. Әкімшілік іс қозғалып, материалдар Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетсек, «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен Қазақстан Республикасынан:

- 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын және әкету күніне белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;

- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» алтынынан және «KÚMIS BARYS» күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынған.