Түркістаннан Беларуське орамжапырақтар экспорттала бастады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының шаруаларына өнімдерін экспортқа шығаруға қатысты кедергілер мен тосқауылдар алынып тасталды. Өңірдің диқандары 500 тонна орамжапырақты Беларуське сату бойынша келісім жасап, алғашқы 200 тонна өнім тиелген жүк көліктері жолға шығып кетті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандық шаруалардың бірі Хусейн Бабуров күніне 40-60 тонна өнімін экспортқа жіберуде. Рефрижераторы бар жүк көліктеріне тиелген капуста араға 5 күн салып Беларусь еліне жетеді деп жоспарланған. Ол жақтағы қоймаға түскен қазақстандық экспортты саудагерлер өзге қалаларға жөнелтеді.

Ал, Амантай Сарыбаев атты шаруа көкөніс тиейтін трактор мен жұмысшыларға төленетін жалақыны есептегенде әр гектарға кететін шығын 1 млн теңгені құрайтынын айтады. Ауыл ішіндегі орамжапырақтарды тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұмысшылардың күндік жалақысы 3000-7000 теңге аралығында. Шетелге шығатын жүк көліктерінің шығыны 1 600 АҚШ долларына жеткен. Сондықтан диқандар өткен жылға қарағанда түсетін кіріс те азырақ деп отыр. Дегенмен, осының өзіне шүкіршілік етуде.

Бүгінде ауылшаруашылығы өнімдері тиелген жүк көліктері шекарадан еш кедергісіз өтуде. Блокбекеттерде олардың тек дене қызуын тексереді. Айта кетейік, бұған дейін түркістандық шаруалар орамжапырақты экспортқа шығаруға байланысты түрлі кедергілерге тап болып жатқанын айтқан болатын. Дайын өнімдері егін алқабында шіріп жатқан олар осы мәселеге орай жергілікті биліктен көмек сұраған. Бұл мәселені облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те Үкіметтің кезекті отырысында көтергені белгілі.