Түркістанның жаңа автовокзалында салтанатты жағдайда Мемлекеттік ту көтерілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласындағы «Turkistan» автобекетінде 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Менің туым, менің Отаным!» атты патриоттық акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы және автобекет басшылығының қолдауымен өткен шара барысында жаңадан ашылған автобекеттің алдына тутұғырға көк байрағымыз салтанатты түрде орнатылып, желбіреді. Аталған шара Мемлекеттік туды тұрақты түрде қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында орналастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Бұған дейін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыстың аудан, қалаларындағы ғимараттары мен мекемелеріне 50-ге жуық Ту ілінген болатын. Аталған бастаманы жұрт қызу қолдап жатыр. Мерекелік жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев жұртшылықты ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасының елді дамыту жолындағы еңбегіне тоқталды. Облыста қолдауға ие болған «Менің туым, менің Отаным!» акциясының маңызы зор екенін айтты.

Акцияға қатысушылар арасында Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері мен Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі, мәдениет бөлімі, Түркістан қаласында орналасқан орта арнаулы оқу орындарының белсенді жастары да болды. Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Акцияны ұйымдастырған партия филиалының өкілдері көпшілікке мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге арналған бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.