ҚР ҚДМ Қоғамдық келісім комитеті Этносаралық келісім және диаспоралармен өзара іс-қимыл басқармасы бастығы Мейрам Иманбаев түркі елдері арасында мәдени-гуманитарлық баланыстар өте мағызды екенін айта келе, біздің елдердің тарихи, мәдени жақындығымыз бірлесе жұмыс істеуді міндеттейтінін жеткізді.
«Осындай ауқымды істе диаспора мәселелері бойынша Түркі кеңесі секілді құрылымдардың рөлі ерекше. Бұл шара болашақта оңтайлы нәтижелер беретін қатынастарға негіз болатынына сенімдімін», - деді М. Иманбаев.
Осы орайда ол Бакуде өтіп жатқан талқылаулар барысында басқа елдердегі әріптестермен жұмыс бағыттары пысықталатынын атап өтті. Сонымен қатар, сапар аясындағы негізі шаралар Әзербайжандағы диаспорамен жұмыс жөніндегі комитеттің қызметімен танысуға арналмақ.
М. Иманбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда диаспорамен жұмыс бойынша шетелдік тәжірибе зерттеліп жатыр, сондай-ақ олармен жұмыс істеуге қатысты құрылымды құру мәселесі пысықталуда. Осы бағыт аясында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Үкімет алдында диаспорамен жұмыс бойынша құрылымды құру ұсынысын көтеруде.
Өз кезегінде ТүркПА Бас хатшысының орынбасары, ұйымдағы ҚР өкілі Наурыз Айдаров шетелде тұратын әзербайжандықтармен тұрақты байланысты орнату үшін құрылған Әзербайжандағы диаспорамен жұмыс бойынша комитеттің тәжірибесін зерттеу керектігін айтты.
Бұл қадам әр мемлекет үшін оңтайлы болатынына тоқталған ол, осы тектес ведомствоны Қазақстанда да құру қажеттігін тілге тиек етті. Аталған құрылым елімізде шетелдегі қазақ диаспорасымен қарым-қатынасты нығайтуға өз үлесін қоса алады.
Автор: Бекбау Тайманов
12:48, 09 Ақпан 2019
Түркітілдес елдер өз диаспорасымен байланыс бойынша тәжірибелерімен бөлісті
БАКУ. ҚазАқпарат - ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен «Отандастар қоры» өкілдері Бакудегі Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жанындағы диаспорамен жұмыс жөніндегі байланыс тобының бесінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Әзербайжандағы ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.