Түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері Түркістанда бас қосты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы өтуде. Басқосуға елімізбен қатар Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру мен облыстың оң имиджін көтеру мақсатында ұйымдастырылған форумда Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-да тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру болмақ.

Ұйымдастырушылар басқосудың өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу үшін өткізіліп отырғанын айтады.  Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту мен киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі жиындардың оң ықпал ететінін атап өтті.

«Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да - бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын», - деді Жансейіт Түймебаев.

Осы форумға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. Сонымен қатар,  шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Басқосуда «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Шәмшидин Паттеев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Tengrinews.kz порталының бас директоры Сұңқар Қарабалин, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Смайыл Срайыл, «Қазақпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі Қаламқас Әбуова, Түркияның «ТRT» телекомпаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар, Әзербайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузули, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаев, Татарстанның «Татар-информ» халықаралық агенттігінің бас директорының орынбасары Рамис Латипов, «ЗАҢ» медиа-корпорация» ЖШС бас директоры Досымбек Қонысбек сөз сөйлеп, ақпараттық саланы жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салды. Түркістан қаласын көркейту бойынша да өз ұсыныс-пікірлерін айтып, түркістандық журналистермен пікір алмасты.