Түркітілдес мемлекеттер бірыңғай көлік дәлізін салу мәселесін талқылауда
«Қазақстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерін жалғайтын ірі көлік-логистикалық күретамырды салу жайы бұған дейін де талқыланды. ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев жақында Қазақстан, Әзербайжан және Грузия елдерінің министрлері деңгейінде үшжақты кездесу өткізілетіндігін мәлімдеген болатын. Кейін оған Түркия да қосылады. Осы маршрут бойынша ұйымдастыру мәселелері, түрлі проблемалар мемлекетаралық талқылауда сөз болады деп күтілуде, - дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин. - Бұның алдында түркітілдес елдердің арасындағы осындай жобаны біз тек жаһандық тұрғыда сөз етіп, Қытайдың Жібек жолы жобасы аясында ғана қарастырып келдік. Дегенмен уақыт талабы бойынша, осы маршрутты жеке жоба ретінде қарауға мүмкіндік туды. Нақты талқылаулардың, нақты шешім қабылдаудың сезіп отырмыз. Түркиядан Орталық Азияға бағытталатын жүк ағынын жаңа бағытпен Әзербайжан, ары қарай Каспий теңізіне шығуы бізге бұл жобаның өзектілігін көрсетіп отыр».
Сарапшылардың айтуынша, көлік және мультимодальді жүк тасымалы түркітілдес елдер үшін өте өзекті. Себебі бір шетінде Қазақстан Қытаймен шектесіп жатса, батыс қиырында Түркия Еуропа Одағы мемлекеттерімен жапсарлас жатыр.
«Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында Еуразиялық мультимодальді көлік дәлізін салу жөнінде тапсырма берілген. Дәл осының аясында түркітілдес мемлекеттерін де біріктіру көзделіп отыр», - деп атап өтті ҚР Инвестиция және даму министрлігі Көлік логистикасын басқару басқармасының жетекшісі Бауыржан Кусубаев.
Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мүшелерінің ресми стратегиялық зерттеулер орталықтарының ІІІ жиналысына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің жетекші талдау орталықтарының сарапшылары мен Түркі кеңесінің мүшелері, отандық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.