Түркітілдес мемлекеттер кітапханаларының бірлестігі құрылатын болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркітілдес мемлекеттер кітапханаларының бірлестігін құру жоспарлануда. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқаров осындай пікір білдірді. Еске сала кетейік, брифинг «Елдің тарихы мен мəдениеті - болашағы тұтас ұлт» тақырыбында өткен болатын.

Әлібек Асқаровтың айтуынша, Ұлттық кітапханада «Жазба құжаттарды консервациялау жəне реставрациялау орталығы» жұмыс істейді. Аталған орталық өңірдегі бірден-бір үлкен мектеп саналады.

«Сондықтан да қазақстандық кітапханалар, мұражайлар мен мұрағаттар қызметкерлеріміз үшін тəжірибе алмасу орны ретінде үлкен рөлге ие болып отыр. Жалпы, құжаттарды реставрациялау саласында бүгінгі күннің жаңа технологиялары мен озық жетістіктерін меңгеруге ұмтылудамыз. Бұл мақсатта орталық мамандары Франция, Армения, Иран елдері мен Мəскеу, Санк-Петербург қалаларында тəжірибеден өтіп келді. Осы салада көшбасшы саналатын Иран, Түркия, Италия, Ресей мен Жапонияның реставрация мектептерімен ынтымақтастықты нығайтудамыз», - дейді Әлібек Асқаров.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық кітапхана шетелдік кітапханалармен байланысқа да мейлінше мән беріп келеді. Атап айтқанда, АҚШ, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Түркия, Польша, Қытай елдерінің кітапханаларымен байланыс орнаған, Олармен арада бірлескен семинарлар өткізу, конференциялар ұйымдастырып, кәсіптік және ғылыми тәжірибелер алмасу жандандырыла беретін болады. «Осындай міндеттің бірі биыл түркітілдес мемлекеттер кітапханаларының басын қосып, бір үлкен бірлестік құру жоспарлануда. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде», - деді Ә. Асқаров.