Түркия 2028 жылға қарай экономикалық өсім мен инфляция төмендейтінін болжап отыр

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия үкіметі 2028 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңартылған орта мерзімді экономикалық болжамын жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаздың мәлімдеуінше, ұлттық валютаға қысым әлі де сақталғанымен, елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері біртіндеп жақсара бастайды.

Инфляция 2025 жылдың соңында 28,5% шамасында болады деп күтіледі. Ал одан кейінгі жылдары тұрақты түрде төмендеп, 2028 жылдың соңына қарай 8%-ға дейін төмендейді деп болжанған. Вице-президенттің айтуынша, бұл нәтижеге қатаң ақша-несие саясаты мен құрылымдық реформалардың арқасында қол жеткізуге болады.

Экономикалық өсім де біртіндеп қарқын алмақ:

  • 2026 жылы – 3,8%

  • 2027 жылы – 4,3%

  • 2028 жылы – 5%

Түркия үкіметі бұл өсімді өндіріс секторының күшеюі, экспорт көлемінің артуы және инвестициялық ахуалдың жақсаруы есебінен қамтамасыз етпек.

Дегенмен, сарапшылар ұлттық валюта – түрік лирасы әлі де әлсірей береді деп болжап отыр. Қазірдің өзінде валюталық нарықтағы жағдай тұрақсыз:

  • Бүгінде 1 АҚШ доллары шамамен 41,26 лира тұрса,

  • 2028 жылға қарай оның 53,76 лираға дейін қымбаттауы мүмкін.

Айта кетейік, Түркиядағы ең ірі банкнот – 200 лираның құны қазірдің өзінде 5 доллардан төмен түсіп кеткен.

Сонымен қатар, экономикалық тұрақтандыру аясында еңбек нарығындағы жағдайдың да жақсаратыны күтілуде. Бұған дейін екі таңбалы көрсеткіште тұрған жұмыссыздық деңгейі алғаш рет 8%-дан төмендеп, 2028 жылы 7,8%-ға дейін түседі деп болжанған. 

Бұл болжам Түркияның макроэкономикалық саясатын анықтайтын орта мерзімді бағдарлама (OVP) аясында жыл сайын әзірленетін стратегиялық жоспардың бір бөлігі болып табылады.

Жалпы алғанда, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты. Бұған дейін Түркияның Орталық банкінің халықаралық резервтері рекордтық деңгейге жеткені туралы хабарланған болатын.