Түркия армиясында жаңа кезең: Эрдоган генералдар мен адмиралдарды тағайындады

Фото: gazeteipekyol.com

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Президенті Режеп Тайып Эрдоган Қарулы күштердің жоғарғы әскери басшылығында ауқымды кадрлық ауыс-түйіс жасады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Resmi Gazete ресми басылымында жарияланған жаңа жарлыққа сәйкес, 185 генерал мен адмирал жаңа қызметтерге тағайындалды. Олардың ішінде 119-ы — Құрлық әскерінің, 31-і — Әуе күштерінің, 35-і — Әскери-теңіз күштерінің өкілдері. Бұл тағайындаулар командалық құрылымды жаңарту және армияның жедел тиімділігін арттыру мақсатында жыл сайын өтетін офицерлік ротация аясында жүзеге асырылды.

Маңызды тағайындаулардың бірі — генерал Бахтияр Эрсайдың Бірінші армиялық корпус командирі қызметіне келуі. Бұл құрылым елдің батыс және солтүстік-батыс шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Эрсай — Әзербайжан қорғаныс министрінің кеңесшісі ретінде де танымал, бұл тағайындау түрік-әзербайжан қатынастары тұрғысынан геосаяси мәнге ие.

Ауқымды кадрлық өзгерістер Түркия басшылығының күрделі өңірлік жағдайда әскери басқару вертикалін нығайтуға ұмтылысын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамдар елдің қорғаныс және қауіпсіздік стратегиясында болуы мүмкін өзгерістерге дайындықтың бір бөлігі болуы ықтимал.

Жаңартылған командалық құрам Түркия Қарулы күштері алдында тұрған жаңа міндеттерді ел ішінде де, шетелде де жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады деп күтілуде.

Бұған дейін Түркияның Ұлы ұлттық жиналысында Президент Эрдоганның әскери саладағы өкілеттігін кеңейтуді көздейтін заң жобасы қаралып жатқаны хабарланған.