Түркия астанасында Әлихан Бөкейханға арналған кітап таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Анкара қаласында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет қайраткері, публицист Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде атап өтетін 150 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың Әлиханы» атты халықаралық конференция өтті.

Түркі академиясы халықаралық ұйымы, Гази университеті, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қолдауымен ұйымдастырылған айтулы жиынға Қазақстан мен Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркі әлемінің көрнекті шығыстанушы ғалымдары мен халықаралық ұйым жетекшілері қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатын Түркология зерттеу орталығының басшысы Хүлия Касапоғлұ, Гази университеті ректорының орынбасары Сервет Карабағы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз және Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі құттықтау сөздерімен ашты.

Сонымен қатар Д.Қыдырәлі жиналғандарға «Тұғырлы тұлғалар» сериясынан «Әлихан Бөкейхан және түркі әлемі» атты жаңа кітапты таныстырды. Академия шығарған бұл кітапта Ә.Бөкейханның түркі әлеміне қатысты бірқатар еңбектері жинақталған.

Ғылыми конференцияда «Әлихан Бөкейхан және біртұтас Алаш идеясы», «Әлихан Бөкейхан - бостандық жолындағы күрескер» деген тақырыптарда Қазақстаннан көрнекті тарихшы-ғалымдары - профессор Тұрсын Жұртбай және профессор Бейбіт Қойшыбай сөз сөйледі. Сондай-ақ Едитепе университетінің профессоры, белгілі түрік тарихшысы Ахмет Ташағылдың төрағалығымен өткен секция жұмысында қазақ ғалымдары Сұлтанхан Жүсіп пен Рысгүл Әбілхамитқызы сөйледі.

Халықаралық түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлағандай, халықаралық конференция жұмысы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Яссауи» мәдени қоғамының концертімен аяқталды.