Түркия биыл тауар экспортын 390 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия 2025 жылдың соңына дейін тауарлар мен қызметтердің экспорт көлемін 390 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатты Түркияның Сауда министрлігі жариялады, деп хабарлайды AZƏRTAC.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2002 жылы Түркияның әлемдік тауар экспортындағы үлесі 0,55 % болса, қазір бұл көрсеткіш 1,07 %-ға жеткен. Ал қызметтер экспорты бойынша елдің үлесі 0,84 %-дан 1,32 %-ға дейін артқан.

– 2002 жылдан 2024 жылға дейін Түркия экспортының жалпы көлемі жеті есеге артты, – деп мәлімдеді Сауда министрлігі.

Өткен жылы Түркия тауарлар мен қызметтер экспорты бойынша тарихи рекордқа қол жеткізіп, 377 миллиард долларға жеткен.

2025 жылдың қаңтар–шілде аралығында ел 156,4 миллиард доллар көлемінде экспорт жүзеге асырған.

Жылдың алғашқы айларында Түркия үшін негізгі экспорт нарықтары:

  • Германия

  • Ұлыбритания

  • АҚШ

  • Италия

  • Ирак болды.

Тек қызмет көрсету экспорты бойынша 2025 жылға мақсат – 121 миллиард доллар. Ал қаңтар–мамыр айларында бұл көрсеткіш 40,1 миллиард долларды құрады.

Анкара бұл нәтижелерді Президент Режеп Тайып Ердоғанның үкіметінің экономикалық саясатының жетістігі деп бағалап отыр.

– Соңғы 22 жылда Түркия экономикасының орташа өсімі – 5,3 %. Соңғы он жылда Түркия ЭЫДҰ (OECD) елдері арасында даму қарқыны бойынша көш бастап келеді, – делінген мәлімдемеде.

Министрлік жаһандық дағдарыстар мен сын-қатерлерге қарамастан, Түркияның үзіліссіз экономикалық өсімі 19 тоқсан қатарынан жалғасып жатқанын атап өтті.

2024 жылы Түркияның ЖІӨ көлемі – 1 трлн 322 млрд доллар, ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 1 трлн 371 млрд долларға жеткен.

Сондай-ақ, жан басына шаққандағы ЖІӨ 2002 жылы 3 608 доллар болса, 2025 жылдың бірінші тоқсанында 15 971 долларға дейін өскен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия армиясында жаңа кезең басталып, Эрдоган генералдар мен адмиралдарды тағайындағанын жазған едік.