Түркия Босфор және Дарданелл бұғаздары арқылы өтетін кемелер ақысын тағы да көтерді

Фото: denizcilikdergisi.com

АСТАНА.KAZINFORM — Бүгіннен бастап Түркия стратегиялық маңызы бар Босфор және Дарданелл бұғаздары арқылы кемелердің транзиттік өту төлемін тағы да арттырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Қазір кемелердің өту құны 15%-ға өсті және таза су ығыстыру тоннасына 5,83 доллар болды.

Бұл Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның жарлығымен тарифтерді қайта қарау процесі басталған 2022 жылдан бергі төртінші өсім. Үш жыл ішінде өту құны 7,2 есеге өсті.

Төлемдер Монтре конвенциясының ережелеріне сәйкес есептеледі және транзиттік кемелерге қолданылады. Ел билігі төлемнің өсуі теңіз тасымалының артуы, тәуекелдердің артуы, сондай-ақ жағалау инфрақұрылымы мен қауіпсіздік қызметтеріне түсетін ауыртпалықпен байланысты екенін атап өтті.

Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдюлкадир Уралоғлының айтуынша, алымдардан түскен қаражат жағалау күзеті, құтқару және медициналық қызметтер жұмысын қаржыландыруға, сондай-ақ судағы апаттардың салдарын жоюға жұмсалады.

2024 жылдың соңына қарай 51 мыңнан астам кеме бұғаздардан өтіп, жалпы сомасы 227 миллион доллар алым төленді. Жаңа тариф мемлекет бюджетіне бұдан да көп кіріс әкелуі тиіс.

Бұл арада сарапшылар Түркияның тариф саясатын қайта қарау арқылы тек шығынның орнын толтырып қана қоймай, маңызды экономикалық және стратегиялық ресурс ретінде бұғаздардың рөлін күшейтуді көздеп отырғанын атап өтті.

Бұған дейін биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Түркияның стратегиялық маңызы бар Босфор және Дарданелл бұғаздары арқылы кемелердің өту тарифі тағы да көтеретінін жазған болатынбыз.

Айта кетелік Түркияда 50 мыңнан астам адам эвакуацияланған еді