Түркия электр желілерін жаңғыртуға 28 млрд доллар инвестиция салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия электр энергиясына деген сұраныстың артуына және табиғи көздерден электр қуатын өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты электр желісі инфрақұрылымын айтарлықтай кеңейтіп, жаңғыртуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: Анадолы

Энергетика және табиғи ресурстар министрі Әлпарслан Байрактардың айтуынша, Түркия 2035 жылға қарай электр энергиясы желілерін дамытуға 28 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, электр желілерінің ұзындығы 2005 және 2025 жылдар аралығында 80%-ға, дәлірек айтқанда, 43 000 шақырымнан 77 000 шақырымға дейін өсті. Осы кезеңде Түркия электр беру компаниясына тиесілі қосалқы стансалар саны 512-ден 824-ке дейін, ал трансформаторлар саны 1096-дан 2215-ке дейін өскен. Трансформаторлардың жалпы қуаты 226%-ға артып, 236 913 мегаВольт-Амперге (MVA) жетті.

Байрактар электр энергиясын тұтынудың артуы, урбанизация, өндірістік қуаттардың дамуы, электр көліктерінің көбеюі, деректер орталықтарының салынуы және кондиционерлердің қолданылуының артуы қосымша инвестицияларды талап ететінін тілге тиек етті.
Түрік билігі Күн және жел энергиясын электр желісіне біріктіруге ерекше назар аударуда. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жол картасының бөлігі ретінде Түркия 2035 жылға қарай күн және жел электр стансаларының жалпы қуатын 120 ГВт-қа дейін арттыруды мақсат етеді. Осы мақсатқа жету үшін электр энергиясын өндіру саласына 80 миллиард доллар және электр энергиясын беру желілері инфрақұрылымына 28 миллиард доллар бөлінеді.

Сонымен қатар, жалпы өткізу қуаты 28 ГВт болатын шамамен 9 580 км жоғары вольтты тұрақты ток желілері тартылып, 15 000 км жаңа айнымалы ток желілері пайдалануға беріледі.

Министр сонымен қатар Түркияның биыл қарашада Анталияда өтетін COP31 климат конференциясында электрлендіру мәселелеріне басымдық беретінін жеткізді. Байрактардың айтуынша, Түркия 2035 жылға қарай энергия тұтынудағы электр энергиясының үлесін 35%-ға дейін арттыру мақсатын қойып отыр.

Бұған дейін Түркияда соңғы он жылда күн және жел энергиясының үлесі айтарлықтай өскенін хабарлаған едік.

Нұрлан Тұяқов