Түркияның өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр Ұлттық ғарыш бағдарламасы миссиясының кестесі анықталғанын мәлімдеді. Айтуынша, гибридті қозғалтқыш жүйесі бар аппарат барлық қажетті сынақтардан өткен.
— Біз ғарышқа ай аппаратын 2027 жылдың алғашқы айларында ұшырамыз, — деді Каджыр Афьонкарахисарда өткен Түркия ғылыми-технологиялық зерттеулер кеңесінің (TÜBİTAK) 28-ші аспанды бақылау конференциясында.
Министр Түркияның ұлттық ғарыш технологияларын үнемі дамытып келе жатқанын атап өтті. Ел қазірдің өзінде BİLSAT, RASAT, GÖKTÜRK-2, IMECE спутниктерін және алғашқы отандық телекоммуникациялық спутнигі Türksat 6A-ны құрды.
Түркияның Сомалидегі меншікті ғарыш айлағы
Сонымен қатар Түркия спутник пен ғарыш кемелерін орбитаға дербес ұшыру мүмкіндігіне ие болуды мақсат етеді. Осы мақсатта ел Сомалиде өзінің ғарыш айлағын салу жобасын жүзеге асырып жатыр.
Каджыр ғарыш айлақтарын экваторға жақын орналастыру Жердің айналу жылдамдығын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретінін және ұшыру шығындарын азайтатынын атап өтті. Таяу Шығыс техникалық университетінде (ODTÜ) жоспарланған ғарыш технологиялық паркі де ұлттық ғарыш экожүйесінің маңызды бөлігі.
Сонымен қатар, министр 5-9 қазан аралығында Анталияда өтетін 77-ші Халықаралық астронавтика конгресі (IAC 2026) туралы айтты. Оған 100-ден астам елден 10 000-нан астам адам қатысады. Түркия билігі бұл іс-шараны ұлттық ғарыш технологияларын насихаттау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін пайдалануға ниетті.
Бұған дейін Түркия жағажайларын заңсыз пайдаланудың алдын алу үшін бақылау күшейтілгенін жазғанбыз.