Түркия Грекиямен дауларды бейбіт жолмен шешуге ниетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркия Анкара мен Афины арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге тырысады. Бұл туралы Жерорта теңізіндегі «Мави Ватан-2022» әскери жаттығулары қатысушыларына бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөзінде Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Түркияның бейбітшілік жолында әрқашан бір қадам алда болатынына ешкім күмән келтірмесін. Біздің мақсатымыз – Эгей теңізінің бүкіл байлығын әділ түрде бөлісу. Эгей – достық теңізі. Түркия осыған ұмтылуда. Біз көршіміз Грекияға шын жүректен достық қолын созамыз», - деді министр.

Оның айтуынша, Анкара Афинымен қарым-қатынасында халықаралық құқықты құрметтеу мен әрқашан тату көршілік принципінің үстемдігін жақтайды.

Түрік әскери ведомствосының басшысы екі ел арасындағы диалогты дамыту маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте ол грек тарапын осы бағытта белсенді қадамдар жасауға үндеді.